Мемлекетіміз әйелдерді қорғауға және қолдауға баса мән береді – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді. Осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Көп балалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көп балалы отбасылардың саны артып келеді, - президент.

Мемлекет басшысы аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүретінін айтты.

Қымбатты ханымдар, Сіздер, әлемге әдемілік пен үйлесім, шаңыраққа жылылық пен жайлылық сыйлап келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды ілгерілету секілді айрықша жауапкершілік жүктелген. Барлық салада адал еңбек етіп, табанды да тиімді жұмыстарыңызбен мемлекетіміздің әлеуеті мен беделін нығайтып жүрсіздер. Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы