Мемлекет зауыттарды жаңғыртуға көп қаржы бөледі - Асқар Жұмағалиев
СҚО, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Петропавл қаласындағы жұмыс сапары кезінде отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жетекші кәсіпорындарына – Киров атындағы зауыт (КаЗ), Петропавл ауыр машина жасау зауыты (ПАМЗ) және "ЗИКСТО" АҚ барды.
Сапар барысында Асқар Жұмағалиев кәсіпорындардың өндірістік қызметімен және шығарылатын өнім желісімен танысты. Сондай-ақ, "КаЗ" және "ПАМЗ" АҚ басшылары министрді нәтижелері бойынша ішкі және сыртқы нарықтарға бағдарланған бәсекеге қабілетті жаңа өнім шығаруды игеретін технологиялық жаңғырту барысы туралы хабардар етті.
Өз кезегінде, вице-премьер таяудағы 2 жылда осы зауыттарды технологиялық жаңғыртуға 6,6 млрд.теңге салынатынын атап өтті.
"Мемлекет зауыттарды жаңғыртуға көп қаржы бөледі. Осының арқасында қосымша 150 жаңа жұмыс орны ашылады, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Өз кезегінде, біз сізден сапалы, бәсекеге қабілетті өнім күтеміз", - деді Жұмағалиев.
Ол сондай-ақ кәсіпорындарға қазірдің өзінде өнімді сату және ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыстар алу үшін экспорттық бағыттарды ойластыруды тапсырды.
Премьер - Министрдің орынбасары жұмыс сапары барысында "ЗИКСТО" АҚ-да да болып, зауыттың өндірістік цехтарын және кәсіпорынның өнімдерін аралап көрді.
Зауыттарға бару қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ҚӨК кәсіпорындарын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Жұмыс сапарының соңында Асқар Жұмағалиев Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қорытынды есеп беру кездесуіне қатысты.