Биыл әдебиет жылы болайын деп тұр - Ұлықбек Есдәулет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет балалардың кітап оқуын дамыту – бұл әдебиетті дамыту деген пікірде. Ол ОКҚ-де өткен брифингте елімізде комикс саласы дамымай тұрғанын айтты.

Биыл әдебиет жылы болайын деп тұр – Жамбыл атамыздың 175 жылдығы, Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығы. Биыл осындай мерейтойлар аз емес. Мұның бәрі айналып келгенде әдебиеттің тойы. Демек, әдебиет туралы сөз болады, - дейді ол.

Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылын жариялап, оқу мәдениетін қалыптастыруға, балаларды рухани тәрбиелеуге Мәдениет және спорт министрлігі жол ашып жатыр.

Балалардың кітап оқуын дамыту – бұл әдебиетті дамыту деген сөз. Сондай-ақ жазушыларға қолдау көрсетіп, мүмкіндіктерін де ашады. Бәріміз бала кезімізден кітап оқып өстік. Мысалы, мен ең алғаш рет оқыған Тұрсынбаевтың «Қуыршақ» деген кітабын өмір бақи ұмытпаймын, - деп атап өтті жазушы.

Оның сөзінше, баланың эстетикалық тәрбиесі, ұлттық мүддеге ұмсынуы, халқының рухани уызынан жарып, тәрбие алып өсуі кітапқа байланысты.

Қазіргі заманда кітапты оқу қаншалықты дамып келеді? Осы орайда ойға алатын мәселелер аз емес. Шетелдік кітаптар да кезінде аударылып тұрды. Мұның бәрі есімізде. Кейде балалар оқымаған кітаптарын экраннан көргенде ғана соны оқығылары келеді. Гарри Поттер соның бір мысалы, - деп айтты Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен қатар дамымай келе жатқан саланы да атады.

Бізде комикс саласы дамымай тұр. Балалар шетелдік комикстерді көреді. Өзіміздің классикалық шығармалардың желісімен суретші, безендірушілерімізге осындай дүниелерді жасатуға болады ғой?! Балалар әдебиетін дамытуға арналған бірнеше конкурс ұйымдастырылуы керек, - дейді ол.

Жыл сайын елордада өтетін Еуразия кітаптарының көрмесі пандемияға байланысты өткізілмеді. 

Демеуші, меценаттарға жүгіне бермей, мемлекет шығармаларға тапсырыс беріп, қолдау көрсетіп, шығарып отырса деген ойымыз бар. Балалардың кітабын шығаруға мемлекет қаржы бөліп жатса, енді ол кітаптарды кім сатып алады? Оны сатып алатын кітапхананың ақшасы болуы керек. Сондықтан кітапханаларға балалар кітабын сатып алуға қаржы бөлінуі керек. Одан бөлек, кітапханалардың көрмесі болуы керек. Ол республикалық, халықаралық көрме. Балалар кітапханасы барлық облыста бар деп айта алмаймын. Алматыда, Нұр-Сұлтанда болар. Менің ойымша, әр облыста балалар кітапханаларын ашуды қарастыру керек, - деп айтты Ұлықбек Есдәулет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы