Мемлекет кімге, қашан, қандай көмек береді немесе Отбасының цифрлық картасының мақсаты

Сенаттың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырып, ондағы негізгі жаңалықтарға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кодекстің бірінші новелласы – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген дерек қоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр, - деді министр.

Дүйсенова ол не мақсатпен енгізіліп жатқанын түсіндірді. Сөзінше, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. 

Кодексте Отбасылық картаны мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажет екенін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және отбасы әл-ауқатының дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екенін жеткізіп отыратын «электронды жаршы» құралы қызметін атқарады.

Мұндай ақпаратты орталық мемлекеттік орган әр отбасыға SMS-хабарлама түрінде жібереді.

Мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады, - деп толықтырда сөзін Тамара Дүйсенова Сенатта.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы