Мемлекет фермерлердің несиесін кепілдендіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі екінші деңгейлі банктер агробизнеске ұзақ мерзімді несие бергенде қандай бағыттар мемлекеттік кепілдендіруге жататынын хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдейтін фермерлер үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несиелерді мемлекеттік кепілдендіру механизмі 2020 жылдан бері іске асырылып келе жатқанын еске салады.

Фермерлерді қолдаудың жаңа формасы екінші деңгейлі банктерді ауыл шаруашылығын несиелеуге ынталандыру, банктердің несиелік тәуекелдерін азайту және аграрлық саланы қаржыландырудың тартымдылығын арттыру үшін енгізілді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер – екінші деңгейлі банк несиесінің көмегімен инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлаған жеке кәсіпкерлік субъектілер (АҚ, ЖШС, ШҚ, ФҚ және т.б.) кепілдік беру жүйесіне қатыса алады.

Шарт бойынша, жылдық сыйақы мөлшері 17%-дан аспайтын 5 млрд теңгеге дейінгі несиені 10 жылға дейінгі мерзімге алатын фермерлерге кепілдік беру көзделген. Кепілдендіру комиссия кепілдік мөлшерінің 30%-ын құрайды, оның 29,9%-ын мемлекет (жергілікті атқарушы орган), ал 0,1%-ын ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші төлейді, - делінген АШМ хабарламасында.

Кепілдендіру мөлшері – негізгі қарыз сомасының 50%-на дейін (бірақ 1,5 млрд теңгеден аспауы тиіс).

Жобаны іске қосқанға дейін басым инвестициялық жобалар бойынша кепілдік мөлшері – 85% (бірақ 2,55 млрд теңгеден аспауы тиіс). Жоба пайдалануға берілгеннен кейін кепілдік мөлшері стандартты шарттарға дейін төмендетіледі.

Кепілдік Агроөнеркәсіп кешеніндегі қызметтің барлық түрі бойынша, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру қызметінің инвестициялық жобаларын іске асыруға беріледі.

Бұдан басқа, кепілдік беру шеңберінде мынадай басым инвестициялық бағыттар бар:

       - тауарлы сүт фермалары;

       - етті құс шаруашылығы;

       - қарқынды бақ;

       - жылыжайлар;

       - қант қызылшасын өсіру және қызылша қантын өндіру;

        - жарма өндірісі;

       - көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу;

       - өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы