Мемлекет басшысының атына құттықтаулар келіп түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының президенті болып сайлануына орай құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлады Ақорданың баспасөз орталығы.

Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чже Ин құттықтауында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығая түсетініне сенім білдіріп, мемлекет басшысын Сеулге сапармен келуге шақырды.

«Қос тарапқа қолайлы уақытта Өзіңізбен Сеул қаласында тағы да кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша жасампаз диалогымызды жалғастыруға дайынмын», – делінген жеделхатта.

Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыс, Қазақстан халқына бақ-береке тілеп, екі елдің көпжақты қарым-қатынастарының тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Люксембургтің премьер-министрі Ксавье Беттель Қазақстан президентіне құрмет білдіріп, табыс тіледі.

«Мен Қазақстан мен Люксембург арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту үшін Сізбен ынтымақтастықты жалғастыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын», – делінген жеделхатта. 

Литва Республикасының президенті Даля Грибаускайте өз құттықтау хатында: "Литва мен Қазақстан арасындағы екі жақты деңгейдегі достық қарым-қатынастар мен өзара диалогты жалғастыруға, сондай-ақ Еуропалық Одақ аясындағы екіжақты қарым-қатынасымыздың қарқыны төмендемейтініне сенім білдіремін. Бұл біздің елдеріміз бен азаматтарымыз үшін мемлекеттеріміздің экономикалық өсімін арттыруға, сондай-ақ біздің халықтарымыздың әл-ауқатын нығайтуға, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жаңа мүмкіндік ашатынына кәміл сенемін", – деп жазған.

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын жеңісі Қазақстанның заманауи әрі серпінді мемлекет ретінде одан әрі сенімді дамуының негізі болатынын атап өтті.  

«Біздің интеграциялық бірігуіміздің дамуына Сіздің қатысуыңыз Одақтың тұрақты, мақсатшыл жолмен жүруіне және әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналуына септігін тигізеріне сенімдімін», – деді Тигран Саркисян.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Норов, Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әмреев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Жалпыға ортақ еңбек федерациясының бас хатшысы Владимир Щербаков, «Газпром» көпшілік акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алексей Миллер құттықтау жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы