Мемлекет басшысының 7 қағидаты

Amanat съезінде Мемлекет басшысы ұлтты ұйыстыратын жеті қағидатты мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екіншіден, елдіктің негізі – жеріміздің тұтастығы. Бабаларымыз ұрпағына ұлан-ғайыр жерді мирас етті. Біз оның бір уыс топырағына дейін қастерлеп, атамекенімізді қорғай білуіміз керек, - деді ол.

Президент мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі екенін айтты.

Үшіншіден,  мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық. Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек. Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан, барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс, - деді Президент.

Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн деді Президент.

Төртіншіден, рухани үндестік – бірліктің бастауы. Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар. Оны дау-дамайға айналдыруға болмайды. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мақсаты – бір, болашаққа деген көзқарасы – ортақ. Бәріміз – бір елдің азаматтарымыз. «Әралуандық арқылы – бірлікке» қағидаты ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Біз этносаралық татулықты сақтай білуіміз керек. «Қазақстан азаматы» деген ұғым жалпыұлттық бірегейліктің өзегі болуы қажет. Сонда біртұтас ұлт ретінде келешекке сеніммен қадам басамыз, - деді ел басшысы.

Президент заң алдында – бәрі тең екенін айтты.

Бесіншіден, заңдылық пен тәртіп – өркениетті ел болудың кепілі. Заң талаптары барлық салада мүлтіксіз орындалуға тиіс. Заң алдында – бәрі тең. Заң алдында бәрі бірдей жауап береді. Сонда ғана біз заңы мүлтіксіз орындалатын, тәртібі қатаң сақталатын Әділетті мемлекет құрамыз, - деп атап өтті Тоқаев.

Президент басты мақсатымыз – Отанымызды өркендету екенін баса айтты.
 

«Алтыншыдан жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы. Біздің басты мақсатымыз – Отанымызды өркендету, мемлекетімізді дамыту.Озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізеді. Бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды. Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерден сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз. Себебі, адам капиталы ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт және тәжірибе дәлелдеді. Осылайша, Қазақстанның инновацияның, жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар, - деді Қазақстан Президенті.


Жетіншіден, достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер.

Қазақта «Сыйлассаң – сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашырлығы – ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады. Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен. Бұл дәстүрді ұмытпауымыз керек. Аға буын осы игі дәстүрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді. Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Әр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы