Мемлекет басшысының атына құттықтаулар келіп түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының президенті болып сайлануына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауындағы айқын жеңісі Мемлекет басшысының өз отандастары арасындағы беделінің жоғары және Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бағдарды жалғастыруға, оның сыртқы саяси мүдделерін қорғауға, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жан-жақты нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.
«Екіжақты байланыстарды нығайту үшін Сізбен тығыз жұмыс істеуді жалғастыруға, сондай-ақ, Ресей мен Қазақстанның достас халықтарының игілігі үшін еуразиялық кеңістіктегі өзара тиімді интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге дайын екенімізді растағым келеді», – делінген жеделхатта.
Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев дауыс беру қорытындысы бауырлас Қазақстан халқының Қасым-Жомарт Тоқаевқа толық сенімі артқанын және кең көлемде қолдау көрсеткенін тағы да дәлелдеді деді. Оның пікірінше, Бұл Мемлекет басшысының еліміздің орнықты дамуы мен халықаралық беделін арттыруға, саяси бағдар мен маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардың дәйекті жалғасуына деген сенім болып саналады.
«Елдеріміз бен халықтарымыздың мүддесі үшін өзара күш біріктіре отырып, өзбек-қазақ стратегиялық серіктестігін одан әрі дамытып, нығайта беретінімізге сенімдімін» – делінген жеделхатта.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз құттықтау хатында Қазақстан халқының еркі мен ықыласы Мемлекет басшысының қызметіне деген зор сенімнің көрінісі болып саналатынын айтқан.
«Бүгінде стратегиялық серіктестік аясында табысты дамып келе жатқан екі елдің көпқырлы қатынастарының дәйекті кеңеюінің берік жақтаушысы ретінде біз Сізді білеміз әрі құрметтейміз. Тәжік-қазақ ықпалдастығын одан әрі жан-жақты тереңдетуге мүдделіміз. Өзара күш біріктіре отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтере алатынымызға сенім білдіремін», – делінген құттықтау хатта.
Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков өз жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауындағы айқын жеңісі Қазақстанның одан әрі орнықты дамуына, бауырлас екі халықтың достығы мен тату көршілігіне, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдіреді.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев өз құттықтау хатында: «Әзербайжан-қазақ қатынастары халықтарымыздың ортақ тарихына, ұлттық және дүниетанымдық тамырына негізделеді. Берік негізге сүйенген мемлекетаралық байланыстарымыз бен стратегиялық серіктестігімізді одан әрі дамыту және берік қарым-қатынастарымыз бен көпқырлы ынтымақтастығымызды тереңдете түсу үшін бірге күш жұмылдыратынымызға сенемін», – деп жазған.
Сербия Республикасының президенті Александр Вучич өз елінің Қазақстанмен достық байланыстарға зор мән беретінін және берік қарым-қатынастар мен кең ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты.
«Сіздің саяси тәжірибеңіз бен идеяңызға зор сенім артқан Қазақстан азаматтарының арқасында Сіз еліңізді даму жолына жетелейсіз», – делінген Сербия президентінің жеделхатында.
Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан Мемлекет басшысын Қазақстан Республикасының президенті лауазымына сайлануымен құттықтады және ол өз Үкіметімен бірлесіп, мажар және қазақ халықтарының арасындағы достықты тереңдету үшін аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.
БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, Альянстың Қазақстанмен ықпалдастықтың жақсы екенін атап өтті. Сонымен бірге, өзара әріптестіктің одан әрі кеңейе түсетініне үміттенетін айтты.
Америка-Қазақстан іскерлік ассоциациясының атқарушы директоры Сара Никель президент Тоқаевтың Қазақстанда бизнесті қолдауға қажетті экономикалық өсім мен реформаларды ілгерілету ісіндегі тәжірибесі бай екенін атап өтті.
«Сіздің Президент болып сайлануыңыз бен «Астана» халықаралық қаржы орталығы сияқты маңызды бастамалардың жалғасуы инвесторлар үшін мемлекеттің ұзақмерзімді даму, гүлдену және халықаралық әріптестік бағытындағы ұстанған жолына беріктігі туралы белгі болып табылады», – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өз құттықтауларын Мажарстан президенті Янош Адер, Грузияның Президенті Соломе Зурабишвили, Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, Грузияның Премьер-министрі Мамука Бахтадзе, Болгария Республикасының бұрынғы президенті Петр Стоянов жолдады.