Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасының еліміздегі сот төрелігінің қазіргі ахуалы туралы баяндамасын тыңдады.
Жақып Асанов қылмыстық процесте ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны 7 есе артқанын жеткізді. Құқық қорғау органдары қамауға алуға қатысты әрбір бесінші іске санкция ала алмаған. Әрбір үшінші шағым бойынша соттар тергеушілер мен прокурорлардың әрекеттерін заңсыз деп таныған.
Президентке азаматтық даулар бойынша жұмыс тәсілінің өзгергені баяндалды. Соттар әкімдіктермен бірлесіп, дауларды шешудің соттан тыс институттарын дамытып келеді. Даусыз талап арыздар нотарисутарға берілген және арбитраждардың, медиаторлардың, заң консультанттары мен еңбек инспекторларының құзыреттері кеңейтілген. Нәтижесінде, 4 жыл ішінде сотқа түсетін талап арыздар саны 2,5 есеге – 900 мыңнан 340 мыңға дейін азайған. Соттағы татуласумен аяқталған істер 37 пайызға дейін артты.
Биыл 1 тамыздан бастап аумақаралық соттылық енгізілді. Істер автоматты түрде судьялардың мамандануын ескере отырып, бір соттың ішінде емес, бүкіл ел аумағындағы соттардың арасында бөлінеді. Жақып Асановтың айтуынша, бұл – жемқорлыққа қарсы жаңа әдіс.
Мемлекет басшысы қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот процестерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ сот кадрларын іріктеуді жетілдіруге бағытталған қадамдар қажет екенін атап өтті.