Мемлекет басшысы Жапония Премьер-министрінің арнаулы кеңесшісін қабылдады
Президент Жапония Премьер-министрінің арнаулы кеңесшісі, Парламент Өкілдер палатасының депутаты Акихиса Нагашиманы қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Жапониямен стратегиялық серіктестікті дамытуға ерекше мән береді. Екі ел арасында достық пен өзара түсіністікке негізделген тығыз ынтымақтастық орнаған. Біз «Қазақстан мен Жапонияның арасы алыс болғанымен, достығымыз берік» деп айтамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және ғылыми-техникалық байланыстарды кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екеніне тоқталды. Президент Қазақстан экономикасына тартылған жапон инвестициясының көлемі 8 миллиард доллардан асқанын айтты. Сондай-ақ еліміздің шетелдік инвесторларға, соның ішінде Жапонияның озық компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.
Арнаулы кеңесші Президентке Жапония Премьер-министрі Шигеру Ишибаның ыстық ықыласын жеткізді, сонымен қатар Токионың қазақ-жапон сан қырлы қарым-қатынасын одан әрі жандандыруға бейілдігін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Акихиса Нагашима жоғары деңгейдегі саяси диалогты нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда, энергетика, көлік, білім беру, мәдени-гуманитарлық салаларындағы, сондай-ақ климаттық өзгеріс мәселелері бойынша екіжақты өзара ықпалдастықты тереңдетудің перспективасын талқылады.