Мемлекет басшысы Жанат Элимановты қабылдады

Онда Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Мемлекет басшысына  баяндама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдейді.

Жанат  Элимановтың Мемлекет басшысына жасаған баяндамасынан:

Биылғы 10 айда қабылданған шаралар келтірілген шығындарды өтеуге, 300 млрд теңгеден астам активті қайтаруға мүмкіндік берді. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының саны жыл сайын азайып келе жатқаны байқалады. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген істер саны 30 пайызға төмендеген. 

25 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Ақшаны қолма-қол шығарумен айналысатын 119 топтың қызметіне тосқауыл қойылды.

 25 қаржы пирамидасы жойылып, жәбірленушілердің 8,3 миллиард теңге шығыны өтелгені туралы баяндалды. Қаржылық пирамидалармен күрес аясында заңсыз мазмұндағы 8,8 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған. 

Қаржылық барлау қызметі есірткі сататын 15 интернет-дүкенді әшкерелеген. Олардың жалпы сауда айналымы 4,4 миллиард теңгені құрайды және 27 мыңнан аса азаматты қамтыған. Бұл материалдар Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жолданды. 

Цифрлық активтерді пайдалана отырып, қылмыстық жолмен тапқан кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес аясында Агенттік Binance ірі халықаралық криптобиржасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

 Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидалары мен алаяқтық әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ Агенттіктің өз ішінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы