Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Өзбекстан халқына бақ-береке тіледі деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің ғасырлар бойы қалыптасқан достыққа, бауырластыққа және тату көршілікке негізделген екіжақты стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қиын-қыстау кезеңде бір-біріне қолдау көрсеткенін шынайы бауырластық қатынастардың үлгісі ретінде атап өтті. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Сардоба су қоймасындағы апат салдарынан зардап шеккен Түркістан облысына көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметі Өзбекстанның Сырдария облысындағы зардап шеккен аудан тұрғындарына азық-түлік тауарларын жіберу жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді.
Әңгімелесу соңында тараптар аймақтағы эпидемиологиялық ахуал жайында ақпарат алмасып, COVID-19 індетімен және оның салдарымен күрестегі іс-қимылдарды жалғастыра беруге ниетті екенін білдірді.