Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның осы айда атқарған қызметінің негізгі қорытындылары, алдағы кезеңге арналған міндеттері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау туралы Жарлықты жүзеге асыру шаралары туралы есеп берілді.
Ермек Сағымбаев Президентке ҰҚК органдарының халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимылдары, есірткі мен қару-жарақтың, соның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға, Мемлекеттік шекараларды нығайтуға бағытталған шаралар туралы баяндады.
Мемлекет басшысына берілген мәліметтерге сәйкес, атқарылған іс-шаралар нәтижесінде бірқатар халықаралық және аймақтық есірткі таситын жолдар жабылды, заңсыз айналымдағы 15 келіден астам психотроптық заттар мен 4 тонна прекурсор тәркіленді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатумен айналысқан қылмыстық топтардың әрекетінің жолы кесіліп, жасырын қоймалар анықталды.
Терроризмге қарсы орталық штабтың жауынгерлік дайындық деңгейін сақтау үшін 3 командалық-штабтық және 29 жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Ел шекарасын күзету барысында 632 құқық бұзушы ұсталды. Сонымен қатар Каспийде 11 шақырымнан астам браконьерлік құрал тәркіленді.
Құны 230 миллион теңгеден асатын валюта мен алтынның, 77,9 миллион теңге болатын тауарлардың және 2,5 миллион теңге көлеміндегі жанар-жағармайдың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы, соның ішінде негізгі жедел қызметтерге ел басшылығының тапсырмаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін және осы саладағы қызметтің тиімділігін арттыратын қажетті құрылымдық өзгерістер енгізу барысы туралы баяндалды.