Мемлекет басшысы: Цифрлық қоғамда гуманизм идеясы мен рухани құндылықтарды дамытуымыз қажет

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз қазір цифрлық дәуірде өмір сүріп отырғанымызды назарға алсақ, гуманизм идеясы мен рухани құндылықтарымызды жүйелі түрде дамытуымыз қажет. Біз жаңа технологиялар адам өмірін түбегейлі өзгерте алатынын көріп отырмыз. Пандемия бұл процестерді жылдамдата түсті. Цифрлық коммуникациялар, интернет, әлеуметтік желілер әлемнің бүкіл аймағындағы адамдар арасындағы шекті жойып, үлкен маңызға ие болып отыр, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айтуынша, сонымен қатар біз мәселенің екінші жағын – қоғамның цифрлық технологиялар әсерінен ыдырап бара жатқанына да куәміз. 

Көптеген адамдар үшін цифрлық әлем өкінішке қарай, шынайы әлемді алмастырды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Оған 50 мемлекеттен 100-ден астам делегация өкілдері, оның ішінде, ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, саясат және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері қатысуда.

Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф арнайы келді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы