Қазақстан Президенті Сауд Арабиясын ислам әлеміндегі сенімді серіктес әрі Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы араб мемлекеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Сауд басшылығымен әрдайым байланыстамыз. Тамызда Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудмен телефон арқылы әңгімелескен кезде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ал қыркүйек айында Инвестиция министрі Халид әл-Фалихпен кездестім. Бұл байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа серпін береді деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев сауд компанияларының әлемдік нарықтағы мүмкіндіктері мен тәжірибесін ескере отырып, Қазақстандағы жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Сауд Арабиясы Корольдігі консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла Әл аш-Шейх қабылдағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, еліміздегі сапарының табысты өтіп жатқанын айтты.
– Мен бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Біз парламенттік деңгейде бірқатар жемісті кездесу өткіздік. Мұндай жүздесулер елдерімізді жақындастыра түседі. Мемлекеттеріміздің басшылары деңгейінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда осындай сапарлардың мәні зор деп есептеймін, – деді Сауд Арабиясы Корольдігі консультативтік кеңесінің төрағасы.
Сонымен қатар екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Абдалла Әл аш-Шейхті ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.