Мемлекет басшысы: Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында айтты. 

Президент өз сұхбатында адамдардың құқықтарының қорғалуына тоқталды. Әлеуметтік желілердегі видеоларды, әсіресе арқасына үтік басылған талдықорғандық азаматтың жайынан хабардар екендігін алға тартты. 

Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр, - деді Президент. 

Сонымен қатар қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ екендігіне тоқталды. 

Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы