Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Президенттің мәлімдеуінше, әз-Наурыз – тазару мен жаңару уақыты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Ең алдымен, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады, - деді Президент.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды деп атады.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды. Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Конституцияны жастарға арналған құжат деп атады.
Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Елімізге жаны ашитын, яғни шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады. Еліміздің келешегі – отаншыл, жасампаз, жауапкершілігі мол жастардың қолында. Біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек. Халқымыздың тарихи тағдыры – өзіміздің қолымызда, - деді Президент.
Айтуынша, қазіргі ұрпақ ел болашағы үшін барлық жағдайды жасауы керек.
Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Шындықты айтсақ, Қазақстанның дамуы мен өрлеуі бізден басқа ешкімге керек жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ Отанымыздың баянды болашағы үшін барлық жағдайды жасауы керек. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын. Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!, - деді Президент.