30 Қыркүйек 2026, 22:26 Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстанда микроэлектроника өндірісін дамытуды ұсынды

Президенттің пікірінше, жаңа өндірістердің халықаралық нарыққа шығуы үшін көлік және логистика саласындағы сенімді байланыстар өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев микроэлектроника өндірісіндегі ынтымақтастық перспективасына айрықша тоқталды.

– Бавария Infineon Technologies, Siltronic, Rohde & Schwarz секілді дүние жүзі мойындаған компанияларды біріктіріп, жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника саласында Еуропадағы ең үздік экожүйелердің бірін қалыптастырды. Қазақстанға ауқымды микросхема өндірісінен гөрі отандық өнеркәсіптің дамуына тікелей септігін тигізетін қосылған құны жоғары өнімдер шығарудан бастаған оңтайлы болар еді. Энергетика, тау-кен, металлургия, көлік және өңдеу өнеркәсібі салаларына үлкен қуат ағындарын реттейтін электроникалар, датчиктер, өлшем жүйелері мен автоматтандырылған күрделі басқару жүйесі көбірек қажет. Осы орайда, Bavarian Chips Alliance қатысуымен арнайы серіктестік бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Осының аясында тиісті қазақстандық компанияларды, ғылыми-зерттеу мекемелерін және даму институттарын бавариялық жартылай өткізгіштер өндірісінің экожүйесімен сабақтастыруға болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа өндірістердің халықаралық нарыққа шығуы үшін көлік және логистика саласындағы сенімді байланыстар өте маңызды.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық бизнесмендерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бойында өнеркәсіп және логистика хабтарын бірлесе қалыптастыруға шақырды.