Мемлекет басшысы Qarmet Креативті технологиялар орталығын аралады
Аталған орталық металлургтер қаласының белсенді әрі шығармашыл жастарының басын қосатын орынға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президентке «Qarmet» акционерлік қоғамының профильдік емес активтерді басқару жөніндегі директоры Алмас Сиранов Орталықта роботты техника, автомоделдеу, ұшқышсыз басқарылатын дрондар секциялары, бағдарламалау, блогерлер, журналистика, документалистика мектептері, подкаст студиясы және басқа да шығармашылық бағыттағы үйірмелер ашылғанын жеткізді.
Оның айтуынша, Орталық тек металлургиялық комбинаттың ғана емес, Теміртау қаласының көрнекті нысанына айналады.
Мұнда жастар кәсіби бағдар алып, өздерінің инженерлік дағдыларын шыңдайды.
Президент кәсіпорын жұмысшыларымен және ардагерлерімен, сондай-ақ кәсіподақ өкілдерімен әңгімелесу барысында еңбек адамы ең жоғары құрметке лайық екенін атап өтті.
Бұл ретте мемлекет тарапынан олардың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.