Мемлекет басшысы Қанат Шарлапаевты қабылдады

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа холдингтің биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің қорытындылары мен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

Президентке берілген мәліметтерге сәйкес ірі бизнесті қаржыландыруға 143 миллиард теңге, шағын және орта бизнеске 510 миллиард теңге, агроөнеркәсіп кешеніне 241,3 миллиард теңге жұмсалған. Холдингтің қолдауымен жеке құрылыс салушылар жалпы ауданы 759 мың шаршы метр үйді пайдалануға берді. Жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу арқылы ауданы 56 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, қолданысқа берілді. Бұл ретте 39 мың отбасы, соның ішінде 7,2 мың кезекте тұрған азаматтар жеңілдігі бар ипотекамен тұрғын үй сатып алды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында холдинг «Жасыл-Даму» АҚ қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасына қатысуға өтініштер қабылдай бастады. Жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізілді.

Одан бөлек Қанат Шарлапаев ұсынған ақпаратқа сәйкес 2022 жылы холдингтің қолдау көрсетуімен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 29,6 мың пәтер пайдалануға беріледі.  Жалпы, аталған шаралар 250 мың адамның тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Шарлапаевқа бизнесті дамытуды жақсарту және әлеуметтік тұрғын үй саясатын жетілдіру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы