Мемлекет басшысы Павлодар алюминий зауытының қызметімен танысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар алюминий зауытына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Кәсіпорын жетекшісі Роман Романов Мемлекет басшысына облыстың металлургиялық кластеріндегі кәсіпорындар шығарған дайын өнімдерді таныстырды. Бұл жерде бастапқы алюминийден бастап алюминий радиаторларына және автомобиль дискілеріне дейінгі түрлі өнім қамтылған. «Қазақстан алюминийі» АҚ 8 мыңға жуық адамды және олардың отбасын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп отыр.
Бұдан кейін Еуразиялық топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ERG өнеркәсіптік кәсіпорындарының шығаратын қалдықтарын кезең-кезеңмен қысқартуды көздейтін Экологиялық стратегияның жүзеге асырылуы жөнінде айтты. 2030 жылға дейін қатты қалдықтардың көлемін 50 мың тоннаға (57 пайызға) азайту жоспарланып отыр. Зауыттар мен жылу электр стансаларындағы сүзгілер ауыстырылады, күл жинайтын қондырғылар салынады және көміртегінен арылту жобалары жүзеге асырылады. Сондай-ақ Еуразиялық топ алдағы 3 жылда 420 мың ағаш егуді жоспарлап отыр. Оның жартысынан көбі Павлодар облысында егіледі. Сонымен қатар компания Қостанай облысында болған өрттен кейінгі орман алқабын қалпына келтіруге қосымша 1 миллиард теңге бөлді.
Сонымен қатар Президентке компанияның әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысы, оның өңірлердегі «Халықтың бюджетке араласуы» бастамасы, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік түсінігі мен проактивтілігін арттыру, инновациялық қызмет үшін жағдай жасау және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі басқа да жобалар туралы баяндалды.
Бұдан кейін «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен емен-жарқын әңгімелескен Қасым-Жомарт Тоқаев акционерлердің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындауының маңызды екенін атап өтті.
Сіздер Қазақстан Республикасы индустриясының флагманы саналатын өте маңызды кәсіпорында жұмыс істейсіздер. Мен жаңа ғана презентацияларды көрдім. Кәсіпорынның қызметімен таныспын. Мұнда адамдардың қалай жұмыс істейтінін және қандай өнімдер шығаратынын білемін. Олар Қазақстан Республикасына қажет және шетелде үлкен сұранысқа ие. ERG тобы кәсіпорындарының басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешуге, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға және тиісті нысандардың құрылысына ерекше назар аударады. Осы орайда біз әрқашан қолдаймыз. Сіздерге сәттілік тілеймін! – деді Президент.