Мемлекет басшысы Нұрлан Өнербаевты 65 жасқа толуымен құттықтады
Құттықтау хатында Президент өнер иесінің ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға, музыкалық мұраны дәріптеуге қосқан үлесін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевты 65 жасқа толуымен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауын Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Астанада өткен кездесуде табыстады.
Құттықтау хатында Президент өнер иесінің ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға, музыкалық мұраны дәріптеуге қосқан үлесін атап өтті.
«Өзіңізге тән қоңыр дауысыңыз бен ерекше орындаушылық мәнеріңіз талғампаз тыңдарманның жүрегінен орын алды. Сіз дәстүр сабақтастығын сақтап, халық әндері мен белгілі композиторлардың таңдаулы туындыларын насихаттауға мол үлес қосып келесіз. Ізденіске толы шығармашылық жолыңыз жемісті болып, талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз», – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы әншіге зор денсаулық, отбасына амандық пен бақ-береке, шығармашылық еңбегіне толағай табыс тіледі.