Мемлекет басшысы «Милх» өндірісіне барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы балмұздақ және ашытылған сүт өнімдерін өндіретін «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісімен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президентке пастерленген сүт өндірісі мен қайта өңдейтін заманауи жабдықтар көрсетілді. Кәсіпорын тәулігіне 130-150 тонна сүт өңдеуге қауқарлы.
Кәсіпорын сүт өнімдерінің 120-дан астам түрін шығарады, олардың 30% Ресейдің шекаралас аймақтарына экспортталады. Өндірісте 710 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Шикізатты облыстағы 12 мыңнан астам жеке шаруа қожалықтарынан сатып алынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның өндіріс қарқынын арттырудың жоспарымен танысып, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты бірқатар міндеттер қойған болатын. Бүгін кәсіпкерлерді Жолдауды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.
Жолдаудың әр сөзін ой елегінен өткізіп отырып, жұмыс істедім. Бұл құжат менің өз қаламымнан шықты. Артық айтылған ештеңе жоқ, бәрін іске асыруға болады. Барлық басшыларды, кәсіпкерлерді Жолдауды толық жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асырудың да маңызды екенін атап өтті.
Жұмыспен қамтудың жол картасы мемлекет пен Үкіметке қойылған міндеттерді жүзеге асыру тұрғысынан өте маңызды. Белгілі себептерге байланысты шешімін таппаған көптеген міндеттер, қазіргі уақытта, Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы орындалуда. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы да, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де шешімін тауып келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында кәсіпорын басшылығына қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін алғыс білдірді. Кездесуге қатысушылар Президент бастамасы бойынша өткізіліп отырған реформаларға қолдау білдіріп, Жолдауда айтылған мақсаттарға қол жеткізуге белсенді атсалысуға дайын екендерін айтты.