Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкіміне маңызды міндеттер жүктеді
Президент Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жаңа басшысына маңызды міндеттер жүктеді:
– өңір экономикасын әртараптандыру, соның ішінде жаңа өндіріс орындарын ашу және дамудың тың бағыттарын қолға алу керек екеніне назар аударды;
– туризм, құрылыс, көлік-логистика салаларын өркендетуге айрықша мән берілуге тиіс;
Мемлекет басшысы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.
Облыс әкіміне Ақтау қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерді жылумен, ауызсумен қамтамасыз етіп отырған МАЭК және «Каспий жылу, су арнасы» кәсіпорындарының балансындағы инфрақұрылымды жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Сондай-ақ өңірдегі су тапшылығын жою үшін «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттырып, жеке инвестициялар есебінен қосымша сумен қамтамасыз ету нысандарын іске қосу қажет.