Бүгiн 2026, 14:45
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Корея Республикасы президентінің арнаулы өкілін қабылдады
Президент екіжақты ықпалдастық қарқынына жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Президентінің арнаулы өкілі – Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шикті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Корея Республикасы Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі саналатынына назар аударып, екіжақты ықпалдастық қарқынына жоғары баға берді.
Президент Қазақстанның корей халқына және Корея Республикасының даму деңгейіне құрметпен қарайтынын атап өтіп, Астана екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кан Хун Шиктің арнаулы өкіл ретінде елімізге жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды және Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ыстық лебізін жолдады.
Сіздің сапарыңыз қазақ-корей ықпалдастығын одан әрі нығайту тұрғысынан өте маңызды. Бірлескен күш-жігердің арқасында елдеріміздің ынтымақтастығы арта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Кан Хун Шик қонақжайлық танытқаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша референдумның табысты өтуіне орай Президент Ли Чжэ Мёңнің құттықтауын жеткізді.
Арнаулы өкіл Корея Республикасының сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейту, сондай-ақ түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыру арқылы өзара қарым-қатынасты мүлдем жаңа деңгейге шығаруға айрықша маңыз артатынын мәлімдеді.