Мемлекет басшысы: Энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғырту керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударды.

Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев  соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артқанын айтып, қазір осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды.

Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты, ал үш станция «жасыл» аймаққа өтті, – Мемлекет басшысы.

Президент 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңаратынын айтып, бұл орайда инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылғанын еске салды.

Соның нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек. Алдымызда сенімді әрі заманауи энергетика инфрақұрылымын қалыптастырып, экономиканың дамуына тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Осы орайда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді. Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы