Мемлекет басшысы елорда әкімін қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президентке Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалы және инфрақұрылымдық даму барысы туралы мәлімет берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімінің пандемиямен күрестің негізгі қорытындылары туралы есебі тыңдалды. Оның айтуынша, коронавирустық инфекцияға байланысты бір тәуліктегі жедел жәрдем шақыру 500-ден 11-ге дейін, инфекциялық стационарлардың жүктемесі 4 мыңнан 283 науқасқа дейін азайған.
Алтай Көлгіновтің мәліметінше, қала күзде болуы ықтимал инфекциялардың таралуына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектердің қоры жинақталып, қажет жағдайда стационарларда қосымша орындар жасақталады. 511 оттегі концентраторлары қосымша сатып алынды, қазір жалпы 1435 аппарат бар.
Қазір өкпені жасанды тыныстандыратын 414 аппарат бар. Сондай-ақ, 600-ден астам флоуметрлер, 500 арнайы төсек орындар сатып алынды. Жедел жәрдем станциялары 24 жаңа көліктермен қамтамасыз етіледі.
Кездесуде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары да сөз болды. Қала әкімі Мемлекет басшысына биыл 20 мың оқушыға арналған 12 мектеп пайдалануға берілетінін айтты. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға 34 500 компьютер, мектеп киімі және оқушының құрал-жабдықтары беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы үлескерлік құрылыс, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестицияларды тарту, тұрғын үйлердің инфрақұрылымдарын жаңарту мәселелерін шешудің маңыздылығын атап өтті.