Қазақстанның Қырғызстан мен Түрікменстандағы елшілері тағайындалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Қайрат Айтмұхамбетұлы Нұрпейісов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне;
Еркебұлан Оңалбекұлы Сәпиев Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды", - делінген Жарлықта.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының Жарлықтарымен: Кәрім Насбекұлы Көкірекбаев Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен;Жандос Әнуарұлы Асанов Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен босатылды.
Нұрпейісов Қайрат Айтмұхамбетұлы
1957 жылы 21 қыркүйекте Павлодар облысы Шарбақты ауданы Галкино ауылында дүниеге келген. Павлодар педагогикалық институтын (1979 ж.), Алматы халық шаруашылығы институтын (1986 ж.) математик, экономист мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1979 жылы Павлодар облысы ЛКЖО Ермак Қалалық комитетінен бастады. 1980-1981 жылдар аралығында Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметтен өтті.
1982 жылдан 1998 жылға дейін Павлодар облыстық қаржы басқармасында жұмыс істеді, Павлодар облысы бойынша салық инспекциясының бастығы, Салық басқармасының бастығы, Павлодар облысы бойынша салық басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды.
1998-1999 жылдары ҚР энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ал 1999-2002 жылдары - Мемлекеттік кіріс вице-министрі қызметін атқарды.
2003 жылы Павлодар қаласының әкімі болып тағайындалды және сол жылы Павлодар облысының әкімшілігін басқарды.
2008 жылы ҚР қаржы вице-министрі қызметін атқарып, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады.
2009-2011 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарды.
2012-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының басшысы болды.
2013 жылдан бастап Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болып тағайындалғанға дейін ҚР президентінің Парламенттегі өкілдігінің басшысы қызметін атқарды.
Неміс тілін меңгерген.
Үйленген, 2 баласы бар.
Сапиев Еркебұлан Оңалбекұлы
1975 жылы 26 маусымда Мәскеу қаласында туған. Анкара университетін (1998 ж.), Айдын Стамбул университетін (2017 ж., Түркия Республикасы) Экономика бакалавры, саясаттану және халықаралық қатынастар магистрі мамандығы бойынша бітірген.
Өзінің еңбек жолын 1999 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде жетекші экономист болып бастады және басқарма бастығына дейін қызмет етті.
2003 жылы Алматы қаласының «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмысқа ауысты.
2004-2006 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі болды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жүйесіндегі өзінің дипломатиялық мансабын 2006 жылғы маусымда Түркия Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі қызметінен бастады. Кейіннен осы Елшіліктегі кеңесші-уәкілі болып тағайындалды.
СІМ Орталық аппаратында 2011-2014 жылдар аралығында Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия департаменті директорының орынбасары, сондай-ақ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.
2014-2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Стамбул қаласындағы (Түркия) Бас консулдығын басқарды.
2018 жылдың қыркүйек айында Түркістан облысының әкімдігіне ауысып, онда 2019 жылдың наурызына дейін Әкімнің кеңесшісі қызметін атқарған.
Қазақстанның Түрікменстандағы елшісі болып тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болды.
I сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. Түрік және ағылшын тілдерін меңгерген.
Үйленген, үш баласы бар.