Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарымен танысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына сапары барысында "Ең-Дала" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы алқабын аралап көрді.
Қазақстан Президентіне агроөнеркәсіптің техникалық жабдықталуы мен өнімді арттыруға бейімделген жер өңдеу технологиялары, сондай-ақ, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы әзірлеген элиталық тұқымды пайдалану жөнінде мәлімет берілді.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысына аймақтағы агроөнеркәсіп кешені, егін және мал шаруашылығын дамыту жоспары, сондай-ақ, елорда тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі көктемгі егіс жұмыстарының барысы және отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау мақсатында қаржы бөлу жөніндегі тапсырмалардың орындалуы жайында есеп берді.
Қазақстан Президенті мемлекет тарапынан аграрлық секторды дамытуға баса мән беріліп отырғанын атап өтіп, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында керамикалық тас пен кірпіш өндіретін "Astana Ceramic" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
Президентке аталған жобаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы айтылып, құрылыс материалдарын өндіру технологиясы таныстырылды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құрылыс индустриясының дамуы және Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылуы жайында баяндады.
Мемлекет басшысы аймақтағы құрылысты сапалы салудың, барлық инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.