Мемлекет басшысы бас прокурорды қабылдады
Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалаушы органның қызметіндегі басым бағыттар жөнінде мәлімет берілді.
Берік Асылов:
заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы IT технологияларды қолданатынын айтты;
маңызды инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан қолдау жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Прокурорлар 900-ден астам инвестициялық жобаны бақылауға алды. Қазірдің өзінде 41 инвестордың түйткілді мәселелері шешімін тапқан;
инвестицияның қауіпсіздігіне кепілді күшейту үшін инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл процесін нақты уақыт режимінде бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты негізгі шешімдерін прокурормен келісу ұсынылғанын жеткізді;
үш буынды модель аясында кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау 3 есе қысқарғаны (614-тен 204-ке дейін) жөнінде мәлімет берді. Жалпы, еліміз бойынша 1041 тұлғаның негізсіз қылмыстық қудалауға тартылуына жол берілген жоқ. Конституциялық құқық бұзушылықтар саны 29 пайызға қысқарған (310-нан 222-ге дейін).
азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде баяндады. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін 54 түзету мекемесінде 29 мың бейнекамера орнатылған, сәйкесінше азаптау фактілеріне шағымдану да 94-тен 17-ге дейін азайған.
халықаралық ынтымақтастық бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Атап айтқанда, биыл шетелден ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылған 40 адам экстрадицияланды. Жалпы Қазақстан қылмыстық-құқықтық сала бойынша алыс шетелдің 34 мемлекетімен 74 шартқа қол қойылған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тыныс-тіршілігіне қатысты барлық салада заңның сақталуын қамтамасыз ету ісін күшейту қажет екеніне назар аударды.