22 Қыркүйек 2026, 22:52 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысы «Aqiqat» журналын 105 жылдық мерейтойымен құттықтады

Іс-шара аясында журнал тарихына арналған «Алаштың «Ақиқаты» кітабы таныстырылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Aqiqat» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдығына арналған «Заман мен зиялы мінбері» ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Іс-шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, басылым ардагерлері мен журналистер қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журнал ұжымын мерейтойымен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

Құттықтауда «Aqiqat» журналының ұлттық сана мен қоғамдық ойды дамытудағы маңызына тоқталып, цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі басылымның рөлі атап өтілді.

Конференция барысында 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» атауымен жарық көрген журналдың тарихы, қоғамдық-саяси және рухани мәселелерді көтерудегі орны, сондай-ақ қазіргі бағыттары талқыланды.

Іс-шара аясында журнал тарихына арналған «Алаштың «Ақиқаты» кітабы таныстырылды. Жинаққа басылымның әр жылдардағы бас редакторлары туралы мәліметтер, зерттеулер, естеліктер және «Қызыл Қазақстан» кезеңінен бергі жарияланымдарға шолу енгізілген.

Сондай-ақ журнал ардагері Сарбас Ақтаев «Парламентке 30 жыл» медалімен марапатталды.