Мемлекет басшысы Алматыдағы «Бақытты отбасы» аналар орталығына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бақытты отбасы» аналар орталығына барды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Орталықта Мемлекет басшысына көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі Тұңғыш Президент – Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік әлсіз отбасылар мен көпбалалы аналарға қызмет көрсету мақсатында ашылған еліміздегі алғашқы мекеме «Бақытты отбасы» аналар орталығының жұмысымен танысты. Мұнда мамандар көпбалалы аналарға психологиялық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, жаңа мамандықтарға баулып, компьютерлік сауат ашуға көмектеседі. Орталық қызметі әлеуметтік әлсіз отбасылардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының урбанистика орталығында болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрлық геоақпараттық орталықтың, «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының, Алматы даму орталығының және «Open Almaty» қоғамдық қабылдауының жұмыстары туралы ақпарат берілді. Мемлекет басшысы қаланы одан әрі абаттандыру жоспарымен танысып, шаһардың 3D-көрінісіндегі голографикалық пішінін қарады.   

«Қазақстан Президентіне Алматы индустриялық аймағындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Мұнда жапон, корей, қытай, неміс және басқа да шетелдік инвестициялар есебінен 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген, құны 144 млрд теңге болатын 39 жоба іске асырылуда. Индустриялық аймақта бірнеше жоба орналастырылған. Атап айтқанда, «Hyundai Trans Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, электр автобустарын шығаратын «Falcon Euro Bus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Tokyo Rope Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, қалдықтарды сұрыптау кешені сияқты кәсіпорындар», - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласын дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Оpen space форматында жұмыс істейтін Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына барғанын хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы