Мемлекет басшысы Ақмола облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Мемлекет басшысы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың есебін тыңдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевпен өңірді дамытудың өзекті мәселелерін телефон арқылы талқылады. Мемлекет басшысына облыстың бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары баяндалды. Негізгі көрсеткіштер бойынша өсімнің оң қарқыны бар екені атап өтілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Облыста вакцина салдыруға тиісті халықтың 49 пайызы екпе алған. Сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің екі айлық азайтылмайтын қоры әзірленген.

Бұдан бөлек облыс әкімі Президентке егін егу және жем-шөп дайындау мәселелері туралы айтты. Ауыл шаруашылығы дақылдары егілген жер көлемі 5 миллион гектардан асады. Өңірдегі жауын-шашынның аздығынан Торғай аймағы (Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандары) көбірек зардап шекті. Осыған байланысты көршілес аудандарда бірлесе шөп дайындау жұмыстары ұйымдастырылады. 

Сонымен қатар Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру жөнінде, жылу электр орталығын салу үшін әлеуетті инвесторлар іздестіріп жатқанын, сондай-ақ, су басатын аймақ тұрғындарын көшіру үшін Атбасар қаласында 100 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталғанын жеткізді. 

Еліміздегі елеулі саяси оқиға – ауыл әкімдерін сайлауға дайындық барысына ерекше мән берілді. Жалпы облыс бойынша 95 әкім сайланады. 

Әңгімелесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы