Мемлекет басшысы 27 миллион тонна астық жинаған диқандарға ризашылығын білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекелерін құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының экономикадағы стратегиялық мәніне тоқталып, бүгінгі форумның жалпыұлттық ауқымдағы маңызды басқосу екенін атап өтті. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті мамандар келіп, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

«Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады»

Президент атап өткендей, ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында. «Егін ексе – ел тоқ» деген халық даналығы бүгінгі күнде де өз мәнін сақтап отыр. Былтыр рекордтық астық өндіріліп, биыл да күзгі жиын-терін мол берекемен аяқталды. Әсіресе Ақмола облысы 7,5 миллион тонна астықпен ең жоғары көрсеткішке жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосып, диқандардың қажырлы еңбегі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес тигізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының дамуы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәліметтерді жариялады.

Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, ауыл шаруашылығын дамыту – тек жеке секторды емес, жалпы елді дамытуға бағытталған маңызды шара. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында ауқымды реформалар жүргізіліп, негізгі көрсеткіштер тұрақты өсіп келеді.

• Биылғы он айда Қазақстан экономикасы 6,4 пайызға өсті.
• Ауыл шаруашылығы саласына салынған негізгі капиталға инвестиция 20%-дан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті.
• Еңбек өнімділігі соңғы үш жылда 37,3%-ға артты.
• Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде 32-ші орында тұр.

Президент атап өткендей, еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуеті әлі толық пайдаланылып отырған жоқ. Қазақстан жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы, ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында.

Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті – 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есеге арттыру жоспарлануда.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту үшін нақты шаралар мен сапалы жұмысқа баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы