Мемлекет басшылары Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығына барды

Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Шавкат Мирзиёев, Ильхам Әлиев, Садыр Жапаров және Эмомали Рахмон Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өтіп жатқан бұл кездесу екіжақты және көпжақты маңызды іс-шаралармен тұспа-тұс келіп отыр.

Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан басшылары сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік, энергетика және су-энергетика салаларындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылаған болатын. Жоғары Мемлекетаралық кеңес аясында бірқатар шешімдер қабылданды. Соның ішінде Өңірлер басшылары кеңесін құру, сирек және сирек кездесетін жер металдары бойынша жұмыс тобын қалыптастыру, трансшекаралық өзендердің су деңгейін болжау жөніндегі бірлескен тетікті іске қосу бар.

Сонымен қатар тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды да белсенді дамытып жатыр: екі елде мәдениет күндері ұйымдастырылуда, жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, жастар арасындағы ынтымақтастық нығаюда. Қазақстан Президенті қол жеткізілген келісімдер екі халық арасындағы достық пен одақтастықты күшейтіп, жаңа бірлескен бастамаларға жол ашатынын, өңірдің тұрақты дамуына серпін беретінін атап өтті.

Ташкентке бес ел көшбасшыларының келуі аймақ үшін диалог пен ынтымақтастықтың маңызын тағы бір дәлелдейді. Ислам өркениеті орталығында өңірлік қауіпсіздік, экономикалық әріптестік және мәдени байланыстардың өзекті мәселелері талқыланады деп күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы