Мемлекет пәтер жалдау шығынының 50 пайызын өтейді
Қазақстанда мыңдаған азаматқа жалдамалы тұрғын үй мен жеңілдетілген ипотека берілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында биыл да баспананы жалдау ақысын мемлекет субсидиялауды жалғастыратынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің мәліметінше, өткен жылдың мамыр айында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, әкімдіктердің тұрғын үйді есепке алу және бөлу функциялары Отбасы банк-ке берілген.
Тұрғын үй саясатын біртіндеп енгізу азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін өте маңызды. Өткен жылы азаматтарға шамамен сегіз мың жалдамалы тұрғын үй және он бір мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық несие берілді, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар тұрғын үй туралы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, бұрын «сатып алу құқығы жоқ» жалдамалы тұрғын үйлерді жекешелендіруге рұқсат берілген. Нәтижесінде өткен жылы 15 мыңнан астам азамат осы құқықты пайдаланып, тұрғын үйін жеке меншігіне рәсімдеген.
Бұдан бөлек, тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау тетігі арқылы 11 мыңнан астам азамат мемлекеттік қолдау алған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге бөлінді.
Министрдің айтуынша, биыл да жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасын сол көлемде жалғастыру жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, субсидия көлемі пәтерді жалдау ақысының 50%-ы. Мысалы үйді 300 мың теңгеге жалға алсаңыз, оның 150 мың теңгесін мемлекет өтеп береді. Бұл көмек шынайы мұқтаж жандарға көрсетіледі.