Мемлекет адамды жұмыстан айыра алмайды - Магеррамов
Ол азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң нормасын түсіндірді.
Дебаттың екінші кезеңінде партия өкілдері арнайы берілген сұрақтарға жауап берді. Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Жаңа Конституция жобасының 41-бабының 3-тармағы туралы түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Онда құқықтар мен бостандықтарды саяси себептермен шектеуге жол берілмейтіні көзделген. Бұл норманы құқықтарды негізсіз шектеуден қорғайтын қосымша конституциялық кепілдік деп санауға бола ма?
Бұл – қазіргі жағдайда, әсіресе түрлі саяси партиялар өкілдері жиналған тұста, өте өзекті мәселе. Меніңше, бұл норма – азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ең маңызды әрі қағидатты конституциялық кепілдіктердің бірі,- деді ол.
Оның мәні – мемлекетке азаматтардың құқықтарын саяси себептермен шектеуге тікелей тыйым салуында деп түсіндіреді ол.
Егер осы конституциялық қағидатқа сүйенсек, мемлекет адамды жұмыстан айыра алмайды, қоғамдық өмірден шеттете алмайды немесе тек оның саяси көзқарасы өзгеше болғаны үшін қандай да бір қолайсыз жағдай жасай алмайды. Қосымша кепілдіктің мәні де осында. Жаңа Конституция адамның құқықтарын саяси себептермен шектеу мүмкіндігін нақты түрде жоққа шығарады,- деді Магеррамов.