Мемлекет ақшасына халықтың рухын көтеретін фильмдер түсіруіміз керек –Мұхамедиұлы

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік ақшаға тек қана халықтың намысын, рухын көтеретін фильмдер түсірілу керек екендігін айтты.

«Мемлекет басшысы жақында «Кинематография туралы» заңға қол қойды. Киноқауымдастық үшін бұл тарихи оқиға болды. Біз барлық прогрессивті әлемде киноөнер - қоғамның дамуына және қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал ете отырып, орасан зор әлеуметтік және идеологиялық әсерге ие екенін жақсы түсінеміз. Екіншіден, қазақстандық киноны жаппай прокатта ілгерілетуге жәрдемдесетін және оның шетелдік фильмдер алдында басымдығын қамтамасыз ететін және үшіншіден, ұлттық киноға әлемдік киноға шығуға мүмкіндік беретін заң қабылданды», - деді министр.

Сонымен қатар, министр бірнеше отандық фильмдердің халықаралық фестивальда жүлделі болғанын, тағы да тарихи кинолар түсіріліп жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, мемлекеттің қаржысына ешкім түсінбейтін сапасыз фильм түсіруді доғару керектігін айтты.

«Біз тек тарихи киноларды ғана түсірмейміз. Сонымен қатар әлеуметтік және анимациялық фильмдер түсірудеміз. Шынын айтқанда, не тарих жоқ, не сезім жоқ түсініксіз фильмдерді түсіруді доғару керек. Біз мемлекеттік ақшаға тек қана халықтың намысын, рухын көтеретін фильмдер түсіруіміз керек», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Олжас СӘНДІБЕК
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы