«Мельница» мейрамханасындағы өрттің неден шыққаны белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдын ала мәлімет бойынша өрт 200 шаршы метр аумақты шарпыды, деп хабарлады BNews.kz.
Елордалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев оқиғаның мән-жайын айтып берді.
«Өрт туралы хабар сағат 15:09-да түсті. Өрт қызметінің депосы сол көшенің бойында орналасқандықтан оқиға орнына 3 минуттың ішінде жеттік. Мейрамханаға жеткен кезде оның шатыры өртеніп жатқаны көрінді. Қазір өртпен күресуге жеке құрамнан 41 өрт сөндіруші мен 9 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сөндіру штабы мен 4 өрт сөндіру учаскесі ұйымдастырылды», - деді Марғұлан Аманбаев.
Сонымен қатар, ТЖД өкілі мейрамхана шатырының не себепті жануы мүмкін екенін айтып өтті.
«Алдын ала мәлімет бойынша мейрамханадағы жөндеу жұмыстары, шатырды жөндеу жұмыстары өрттің шығуына себепкер болуы мүмкін. Бәлкім, шарқайрақты (болгарканы) қолданған шығар. Себебі, шатырдың құрылымы өте күрделі. Мейрамхана шатыры – черепицасы өте ауыр», - деп жалғастырды сөзін Марғұлан Аманбаев.
Сондай-ақ, ол өртті сөндіру бір сағаттан көп уақытқа созылғанын баяндады.
«Шатыр ағаштан жасалған, құрылымы - күрделі. Біз бірден келіп, өрт ғимараттың басқа жерлерін де шарпымас үшін шатырдың бір жақ шетін кесіп тастадық. Біздің қызметкерлер келгенше, адамдар өз бетімен қауіпсіз жерге шығып кеткен. Өртті сөндіру кезінде полиция департаменті оқиға орнын қоршап, ал «Астана тазалық» су тасып жәрдемдесті», - деп қорытындылады сөзін ТЖД басшысының міндетін атқарушы.
Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанның сол жағалауында орналасқан мейрамханалардың бірінде өрт шыққаны туралы хабарланған болатын.