Бүгiн 2026, 06:03 Фото: Charly Triballeau/AFP

Мелания Трамп БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысын өткізді

Жиын АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы аясында өтті.

АҚШ президенті Дональд Трамптың жұбайы Мелания Трамп Нью-Йоркте өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарулы қақтығыстар кезіндегі балаларды қорғауға арналған отырысына төрағалық етті. Бұл – Кеңес тарихындағы мемлекет басшысының жұбайы жүргізген алғашқы отырыс, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

Жиын АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы аясында өтті. Бірінші ханым қазіргі кезеңді «қиын уақыт» деп атап, АҚШ әлемдегі барлық балаларды қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл сөз Таяу Шығыстағы нақты жағдайға емес, жалпы жаһандық ахуалға қатысты айтылған.

«Жақында сіздерге бейбітшілік беріледі деп үміттенемін», – деді ол.

Отырыс алдында Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Амир Саид Иравани АҚШ төрағалық еткен Кеңестің балаларды қорғау тақырыбын талқылауын сынға алды. Оның пікірінше, АҚШ армиясы Иран қалаларына соққы жасап жатқан кезде мұндай отырыс өткізу «ұят және сынға лайық».

Наурыз айында АҚШ Қауіпсіздік Кеңесіне ротациялық тәртіппен төрағалық етеді. Әдетте Кеңес отырыстарын мемлекет басшылары, премьер-министрлер, сыртқы істер министрлері немесе елдердің тұрақты өкілдері жүргізеді.

Кеңестің алдыңғы шұғыл отырысы 28 ақпанда өтті. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш АҚШ пен Израильдің Ирандағы әуе шабуылдарын халықаралық құқықты, соның ішінде БҰҰ Жарғысын бұзу деп бағалады. Сонымен қатар ол Иранның жауап соққылары да өңір елдерінің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қайшы екенін айтты.