31 Шілде 2026, 10:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мектептің екі қызметкері жөндеу жұмыстары кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды

Солтүстік Қазақстан облысында мектептің екі қызметкері спорт залындағы қабырғаны сырлау кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Полицияның мәліметінше, әйелдер жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде биіктен құлаған. Зардап шеккендердің бірінің екі аяғы сынған, екіншісі омыртқасынан жарақат алған.

Мектеп директорының айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын салынған ғимаратқа осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл спорт залын әктеу жұмыстарына шаруашылық қызметінің қызметкерлерін тарту туралы шешім қабылданған. Басшының сөзінше, ешкім әйелдерді бұл жұмыстарды орындауға мәжбүрлемеген.

Дәрігерлердің бағалауынша, екі науқастың да жағдайы – орташа ауыр. Қазір олар қажетті медициналық тексерулерден өтіп жатыр.

Бірінші науқаста оң жақ сирағының екі сүйегі, сондай-ақ сол жақ сирағының үлкен және кіші жіліншік сүйектері сынғаны анықталды. Екінші әйелге кеуде омыртқасының 12-ші және бел омыртқасының бірінші, екінші, үшінші омыртқаларының компрессиялық сынуы диагнозы қойылды, – деді Петропавл қаласындағы №3 көпбейінді қалалық ауруханасының директоры Жанна Маутова.

Еңбек инспекциясы бұл оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссия тексеру барысында әйелдерді мұндай жұмыстарға тарту заңды болған-болмағанын анықтайды. Себебі бұл жұмыстар қауіпті еңбек санатына жатуы мүмкін.

Ал полиция еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Егер кінәлі тұлғалар анықталса, олар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.