Бүгiн 2026, 18:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мектепті жөндеуге кім міндетті? Мұғалім бе, еден жуушы ма?

Жазғы демалыс басталысымен мектептерде жөндеу жұмыстары қызады. Осы кезде қоғамда мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерді жөндеу жұмыстарына тарту мәселесі жиі көтеріледі. Бұл қаншалықты заңды?

Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің мектептерінде жөндеу жұмыстары басталады. Қабырғаларды сырлау, сыныптарды ретке келтіру, кабинеттерді жаңарту секілді жұмыстар қызған шақта қоғамда бір сұрақ жиі қойылады: мектепті жөндеуге мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерді тарту заңды ма? BAQ.KZ тілшісі мәселені түсіндіріп көреді. 

«Мұғалім жөндеуге ақша шығаруға міндетті емес»

Бұған дейін бұл сұрақты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға қойған болатынбыз. Министр мұғалімдер жөндеуге ақша жинау заңсыз екенін айтты.

Министр бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретінін түсіндірді.

Кез келген әкімдік жыл сайын ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің тізімін жасайды. Ол тізім үш жылдық бюджетке енгізіледі. Соның негізінде республикалық бюджеттен трансферттер арқылы қаржы бөлінеді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар ол мұғалімдердің мектеп жөндеуіне ақша жинауы заңға қайшы екенін нақты атап өтті.

Ешқандай ұстаз өзінің жеке қалтасынан мектептегі ағымдағы немесе күрделі жөндеуге қаржы бөлуге міндетті емес. Бұл – заңға қайшы, – деді министр.

Оның сөзінше, бұл талап тек мұғалімдерге ғана емес, техникалық қызметкерлерге де қатысты.

Министр мектептерді жөндеуге арналған арнайы бюджет қаражаты аудандық, облыстық және қалалық деңгейде қарастырылатынын айтты.
Бұл жұмыстарға арналған бюджет бар. Ең бастысы – сол қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын бақылау, – деді ведомство басшысы.

Мектепті жөндеуге кім жауапты?

Ал бүгін журналистер Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпасовадан әлеуметтік желіде құрылысшылардың орнына еден жуушылар мектепте жөндеу жасап жатқанын айтып, мәселені түсіндіруді сұраған болатын.

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпасова бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, әр жағдайды жеке қарастыру қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, кез келген қызметкердің атқаратын міндеттері еңбек шарты мен лауазымдық нұсқаулықта нақты көрсетіледі.

Жұмысқа қабылданған кез келген қызметкердің, мейлі ол техникалық қызметкер болсын, мейлі педагог болсын, міндеттері мен функциялары еңбек құжаттарында белгіленеді. Сондықтан нақты жағдайды зерттемей тұрып, бұл заңды немесе заңсыз деп біржақты айту қиын, – деді вице-министр.

Шынар Ақпасова білім беру ұйымдары ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдармен келісімшарт жасай алатынын атап өтті.

Егер жөндеу жұмыстары келісімшарт негізінде жүргізілсе, онда оны сол жұмыстарды орындауға жауапты ұйым атқаруы тиіс, – деді ол.

Сонымен қатар вице-министр техникалық қызметкерлердің қандай жұмыстарды орындауға міндетті екені олардың еңбек міндеттеріне байланысты анықталатынын айтты.

Техникалық қызметкердің нақты қандай жұмысты атқаруы тиіс екені оның лауазымдық міндеттері арқылы белгіленеді. Сондықтан бұл мәселеге құқықтық баға беру үшін алдымен қызметкердің еңбек міндеттерін қарау қажет, – деді Шынар Ақпасова.

Бұл ретте педагогтердің құқықтары «Педагог мәртебесі туралы» заңмен қорғалады. Заңның 6-бабына сәйкес педагогті оның кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.

Аталған норма мұғалімдерді білім беру және тәрбие беру қызметінен тыс жұмыстарға мәжбүрлеуге болмайтынын көздейді. Сондықтан мектепті жөндеу, құрылыс немесе басқа да шаруашылық жұмыстарға педагогтерді міндеттеу заң талаптарына қайшы келеді.

Ақпарованың пайымдауынша, техникалық қызметкерлерге қатысты жағдай өзгеше. Өйткені олардың атқаратын қызметі еңбек шарты мен лауазымдық нұсқаулықта көрсетілген міндеттерге байланысты анықталады.

Осылайша вице-министр мектеп техперсоналын жөндеу жұмыстарына тартуға қатысты нақты шешім әр қызметкердің еңбек міндеттері мен қолданыстағы заңнама талаптарына сүйене отырып қабылдануы тиіс екенін атап өтті.

Заңнамаға сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сондықтан мектеп ғимараттарын жөндеуге қажетті қаржы бюджет есебінен бөлінуі тиіс.

Заң не дейді? 6-бапта не жазылған?

"Педагог мәртебесі туралы" заңда мұғалімнің міндеттері нақты көрсетілген.

6-бап. Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету

1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші педагогке ол кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін жағдайды қамтамасыз етеді.
2. Педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде:

1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;
2) одан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;
4) оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді.

Яғни, мемлекет пен мектеп әкімшілігі мұғалімге жұмыс істеуге қажетті жағдай жасауға міндетті. Бұл – оқу кабинетін жөндеу, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты нәрселерді де қамтиды. Оны кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыстарға, заңда көрсетілмеген есеп тапсыруға, тексеріске немесе тауар алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.

Егер мұғалімге қысым жасалып, жөндеуді мәжбүрлі түрде жүктесе, не істеу керек?

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер мұндай жағдайларға тап болса, министрлікке әлеуметтік желілер немесе ресми өтініштер арқылы хабарласа алатынын айтты.

Былтыр да Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті педагог оқу кабинетінің жөндеуін өз қаражатына жасауға міндетті емес екенін ескерткен болатын