"Мектептерге шабуыл жасалады". Павлодарда 22 мың оқушы сабаққа бармаған

5 ақпанда Павлодардағы бірнеше мектептің оқушылары сабаққа бармаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оған себеп 4 ақпан күні Павлодар қаласындағы мектептерде теракті болады деген хабарлама тараған болатын. Павлодардық 23 мыңнан астам оқушының 11 мыңнан астамы сабаққа бармаған.

Мектептерде оқу әдеттегідей жүріп жатыр. Бүкіл педагогикалық ұжым жұмыста. Қауіпсіздік органдары қызу жұмыс істеп, бейнекамералар жіті бақыланып отыр. Сондай-ақ, полиция бөлімшесінің қызметкерлері қаладағы әрбір мектепте күзет орнатқан. 5 ақпанда бірінші ауысымда 11 мыңнан астам бала, екінші ауысымда 10 мыңнан астам оқушы сабаққа қатыспаған. Оның 12 пайызы себеппен қалып отыр, яғни сырқаттануы өтініші бойынша. Келмеген оқушыларға шара қолданылмайды, - деді Павлодар қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.

Қуаныш Қыдыралин атап өткендей, Павлодардағы 43 мектеп түгелдей дабыл түймесімен және аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімшелеріне немесе күзет органдарының орталықтандырылған бақылау пультіне шығатын 3,6 мың камерамен, орталық басқаруға бейнежазбаны жіберетін бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

Әр тоқсан сайын Ішкі істер және төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлерімен оқу-жаттығулар өткізіледі.

Еске сала кетейік, кеше әлеуметтік желіде Павлодар мектептеріне белгісіз тұлғалар қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәди Искаков - архив
Өзгелердің жаңалығы