Мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары сапалы аяқталуы тиіс – Нәлібаев
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мектептердегі күрделі жөңдеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін аймақ басшысы бірқатар нысанды аралап, атқарылған жұмыстарды көзбен көрді. Жаңа оқу жылында балалар еш кедергісіз білім алуы қажет екенін алға тартты. Әсіресе, мектептердегі күрделі жөңдеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алды.
1 қыркүйек – Білім күніне небәрі екі апта уақыт қалды. Аймақта биыл 182 мың оқушы білім алмақ. Биыл өңірдегі 6 мектепте күрделі жөңдеу жұмыстары жүруде. Бұл үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге қаржы бөлінген. №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектепке барған облыс әкімі білім ордасының оқу процесіне әзірлігін бақылады. Аймақ басшысы жыл сайын апатты мектептерді жойып, жаңа мектептердің желісі көбейтуге басымдық берілетінін айтты.
Оқушылардың қуанышына ештеңе жетпейді. Мектепке қомақты қаржы бөлінгендіктен, күрделі жөндеу жұмыстары өте сапалы орындалуы керек. Себебі оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы Үкімет басшысының тікелей назарында. Демографиялық өсімнің нәтижесінде қалада ықшам аудандар көбейіп, мектептерде орын тапшылығы мәселесі туындағаны жасырын емес. Бұл ретте апатты жағдайдағы 4 мектептің екеуінің ғимаратын жаңа оқу жылында табыстаймыз. Тоқабай ауылындағы бір апатты мектеп мәселесін жеке инвестор арқылы шештік. Жерлесіміз, меценат азамат өз қаражаты есебінен 550 млн.теңгені құрайтын 100 орындық мектеп құрылысын бастады. Мұнан өзге, Қазалы ауданындағы тағы бір мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ қала мектептеріндегі орын тапшылығын жою үшін 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салуға шешім қабылданды. Себебі жаңа мектеп салу қымбатқа түседі. Қазіргі таңда 600 және 375 орындық 2 мектептің жоба-сметалық құжаттары аяқталып, мердігер компаниялар бекітілуде. Ал, қалған 2 білім ұясының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы балалар жылына тарту ретінде демеушілер есебінен өңірде 80 спорттық ойын алаңы салынатынын жеткізді. Яғни Қызылорда қаласында 1 млрд теңгеге 50-ге тарта, ауданда 600 млн теңгеге 30-дан астам спорттық-ойын алаңы бой көтереді. Мұнан бөлек, демеушілердің қолдауымен аймақта 45 млрд теңгеге 391 жоба әзірленді. Ең бірінші кезекте ауыз су, электр жарығы, жол сапасы мен елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жобалар келесі жылдан бастап іске асырылады.
Әрі қарай облыс әкімі аймақтағы ірі өндіріс орны шыны зауытына да барды. Өткен жылдың желтоқсан айында зауыттың күйдіру пеші техникалық іске қосылған. Алайда, пешті қосу-реттеу барысында ақаулар анықталып, қажетті күйдіру қондырғысына тапсырыс беріліп, жеткізілді.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы негізінде зауытты іске қосу үшін биылғы жылдың 25 шілдесінде арнайы Штаб құрылғанын жеткізді. Мұндағы мақсат – зауытты іске қосу кезінде туындаған мәселелерді шұғыл түрде шешу.
Әкімдік өз құзыреті шегінде инженерлік инфрақұрылымды жеткізіп беруге жауапты. Осы ретте, зауытқа қажетті электрэнергия, байланыс желісі, автомобиль жолы, су және кәріз жүйелері жеткізілді. Сыртқы темір жол тұйығы құрылысы аяқталды. Енді кезекте екінші тараптар техникалық және авторлық бақылау өкілдерінің берген ескертулерін жою жұмыстарын жеделдетуі керек. Себебі газ келгеннен кейін, пешті қайта іске қосып, жағу үшін қабылдау актісін рәсімдеп, бітіруі қажет.
Өңір басшысы сала мамандарымен пікірлесіп, ауқымды зауытты іске қосу үшін қажетті шараларды жылдам қабылдау керек екендігін жеткізді.
Шынын айтқанда, зауытты іске қосу процесі тым ұзап кетті. Бар мүмкіндікті пайдаланып, зауытты іске қосуымыз қажет. Бұған дейін уәде көп берілгенімен, нәтиже болмады. Халық асыға күтіп отыр. Сондықтан қалайда өндірісті аяқтауға тиіспіз. Аптасына екі рет штаб өткізіп, өзекті мәселелерді талқылау қажет. Бәрі де менің тікелей бақылауымда болады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, жоспар бойынша шыны зауытының бірінші өнімі қазан айында шығарылмақ.