Мектептердің 90 пайызында интернет жылдамдығы талапқа сай емес – Бағдат Мусин
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда еліміздің 7 мыңнан астам мемлекеттік мектептерінің 7 078-і интернет желісіне қосылған. Оның 5 122-сі ауылдық, ал 1 956-сы қалалық мектептер. Интернетке қосылмаған 20 мектептің 15-і ауылдық, ал 5-уі қалалық мектеп. Халықаралық электрбайланыс одағының талабына сәйкес оқушы саны 400-ден астам мектептерге интернет жылдамдығы 20 оқушыға секундына кем дегенде 1 Мб болуы тиіс. Көріп отырғаныңыздай, еліміздегі мектептердің 90 пайызы, яғни 6 мыңнан астам мектеп осы талапқа сәйкес келмейді, - деді Цифрлық даму министрі.
Министрдің айтуынша, 664 мектепте ғана интернет жылдамдығы айтылған талаптарға сәйкес келіп тұр.
Ал 2 810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елді-мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілері бар. Сондықтан, әкімдіктер аталған мектептерде интернет жылдамдығын арттыру үшін қаражат бөліп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет. Бұған қоса, 266 мектеп орналасқан елді-мекенде талшықты-оптикалық желіні салу қажет, - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Мусин 2 784 мектепте талшықты оптикалық немесе радио-релейлік байланыс желілерінің болмауы салдарынан, интернет жылдамдығын арттыру мүмкіндігі мүлдем жоқ екенін атап өтті.
Ал шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі 574 мектеп үшін байланыс желілерін спутниктік технологияларды пайдалана отырып ұйымдастыратын боламыз, - деді Мусин.