Мектепте наурыз көже ішуге тыйым салынды ма? – ДСМ жауап берді
Мамандар сақтау талаптары мен мерзімі сақталмаған үй жағдайында дайындалған тағамдарды тұтыну жаппай улануға әкелуі мүмкін екенін ескертеді
Наурыз мерекесіне орай Денсаулық сақтау министрлігі қауіпсіздік шараларын еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктемнің жарқын әрі көпшілік асыға күтетін мерекесі – Наурыз мейрамы жақындап келеді. Бұл кезең дәстүрлі тағамдардың молшылығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, мерекелік дастарханда наурыз көже, бауырсақ, ет, қазы, шұжық, қуырдақ, жент және басқа да тез бұзылатын тағамдар кеңінен ұсынылады.
Мерекеге дайындық барысында тұрғындар азық-түлікті жаппай сатып алып, ата-аналар балабақшалар мен мектептерге түрлі тағамдар апарады. Сонымен қатар, елді мекендер мен қалаларда жәрмеңкелер ұйымдастырылып, көпшілік іс-шаралар өткізіледі.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі тағамнан улану және инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар санитариялық талаптарды сақтауды ұсынады.
Министрлік мәліметінше, іс-шараларды ұйымдастырушылар мен қатысушылар келесі талаптарға назар аударуы тиіс:
- іс-шаралар кестесін алдын ала жоспарлап, аумақтарға бөліп ұйымдастыру;
- адамдардың шамадан тыс жиналуына жол бермеу;
- тағам өнімдерін дайындау және сату барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;
- үй жағдайында дайындалған өнімдерді сатуға тыйым салу;
- сатушылар мен қызмет көрсету персоналын арнайы киіммен қамтамасыз ету және санитариялық талаптардың сақталуын бақылау;
- тез бұзылатын өнімдерді сату кезінде жеткілікті тоңазытқыш жабдықтарымен және бір реттік ыдыспен қамтамасыз ету;
- белгісіз жеткізушілерден алынған үй тағамдарын (наурыз көже, айран және т.б.) сатуға жол бермеу;
- өнім сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, министрлік халыққа арналған жадынамасында қауіпсіз тағам өнімдерін таңдауға кеңес береді. Әсіресе ата-аналар балаларға берілетін тағамның жас ерекшеліктеріне сай болуына ерекше көңіл бөлуі қажет.
Бұдан бөлек, жарақаттанудың алдын алу үшін, әсіресе балалармен бірге, адамдар көп жиналатын орындардан – алтыбақан маңы мен спорттық жарыстардан – мүмкіндігінше аулақ болу ұсынылады.
Ал мектептер мен балабақшалар сияқты ұйымдастырылған ұжымдарда ата-аналар мен білім беру ұйымдарының әкімшілігі түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиіс.
Мамандар сақтау талаптары мен мерзімі сақталмаған үй жағдайында дайындалған тағамдарды тұтыну жаппай улануға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Осыған байланысты мұндай өнімдерді пайдалануға жол бермеу қажет.
Біз бұған дейін наурызда көшеден тамақтану қаншалықты қауіпті екені жайлы арнайы маманнан сұрап-білген едік.