25 Қараша 2026, 10:34 Фото: istockphoto.com

Мектептер мен ауруханалар энергияны қаншалықты үнемдеп отыр? 5 мың нысан тексерілуі мүмкін

Құрылтай бірінші оқылымда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі екі заң жобасын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулерді мақұлдады. Құжаттар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Парламент Мәжілісінің Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің мүшесі Арман Қалықов Мәжілістің жалпы отырысында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша әзірленген екі заң жобасын таныстырды.

Қазақстанда мектептер, ауруханалар мен балабақшаларды қоса алғанда, 5 мың әлеуметтік нысанның энергия тиімділігіне терең талдау жүргізу ұсынылды. Бұл шара энергия ресурстарын үнемді пайдалануға және бюджет қаражатының шығынын азайтуға бағытталған. Тиісті нормалар энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заң жобасында қарастырылған.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан алдында өнеркәсіпті дамыту, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және экономиканы цифрландыру міндеттері тұр. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстарды өндіруді арттырумен қатар, оларды ұтымды пайдалану да маңызды.

Жаһандық энергетикалық көшу, генерациялау қуаттарының тапшылығы және энергетикалық инфрақұрылымның жоғары тозуы жағдайында энергия үнемдеу ерекше маңызға ие болып отыр. Бүгінде бұл тек экологиялық басымдық емес, сонымен қатар елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының маңызды факторы, – деді Арман Қалықов.

Оның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы 2021 жылмен салыстырғанда 4 пайызға төмендеген. Алайда бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз. Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік орташа деңгейден шамамен 2 есе, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің көрсеткіштерінен 3,6 есе жоғары.

Сонымен қатар соңғы тұтынудағы энергетикалық ресурстар көлемі де артып келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға өскен. Энергияны көп тұтынатын негізгі салалардың бірі – мемлекеттік, коммерциялық және тұрғын ғимараттарды қамтитын құрылыс секторы.

5 мың әлеуметтік нысанның энергия тиімділігіне талдау жүргізіледі

Заң жобаларының негізгі мақсаты – жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету.

Арман Қалықовтың айтуынша, қолданыстағы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң 2012 жылы қабылданған. Ол негізінен ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарға бағытталған. Ал бюджеттік сектордағы нысандар энергия үнемдеу тетіктерімен жеткілікті деңгейде қамтылмаған.

Осыған байланысты мемлекеттік энергетикалық тізілімнің тетігін жетілдіру ұсынылып отыр. Атап айтқанда, энергия мониторингі мен энергетикалық сервистік қызметтерді дамыту арқылы мемлекеттік реттеу шараларын бюджеттік секторға, соның ішінде мектептерге, ауруханаларға және балабақшаларға кеңейту көзделген.

Мемлекеттік энергетикалық тізілім аясында қосымша 5 мың әлеуметтік маңызы бар нысанға тереңдетілген талдау жүргізу және олардың энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр, – деді депутат.

Энергияны тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі

Заң жобасындағы тағы бір маңызды бағыт – энергетикалық сервистер нарығын дамыту. Бұл үшін энергетикалық сервистік шарттарды реттеу тәртібін жетілдіру, компанияларды іріктеу рәсімдерін жеңілдету және бюджеттік әрі квазимемлекеттік сектордағы энергия тиімділігі жобаларына жеке инвестиция тартуға жағдай жасау ұсынылады.

Депутаттың сөзінше, бұл түзетулер мемлекеттік ғимараттарда энергия үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізуге, температуралық режимнің нормативтік талаптарға сай болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ энергетикалық ресурстардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ілеспе екінші заң жобасы әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге арналған. Атап айтқанда, энергия тиімділігі бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Бұл талаптарды бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарға жауапкершілік жүктеу ұсынылып отыр.

Арман Қалықов ұсынылған заң жобаларын қабылдау мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіруге, өнеркәсіп пен бюджеттік секторда энергия үнемдейтін технологияларды қолдануды кеңейтуге және энергетикалық сервистер нарығын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.