23 Қараша 2026, 12:57 Фото: depositphotos.com

Мектептер мен ауруханалар азық-түлікті кімнен сатып алады? Депутат делдалдарды айналып өтуді ұсынды

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік сатып алуға тікелей тарту тетіктері кеңейтіледі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың тауарларына басымдық беру және олармен үш жылға дейінгі келісімшарт жасау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет сағатында депутат Нұржан Ниязалиев мемлекеттік сатып алу жүйесінде отандық азық-түлік өндірушілерінің үлесін арттыру мәселесін көтерді.

Оның айтуынша, білім беру, денсаулық сақтау, әскери және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен басқа да мемлекеттік ұйымдардың азық-түлік сатып алуы отандық тамақ өнеркәсібі үшін тұрақты нарық қалыптастыра алады.

Депутат келтірген мәлімет бойынша, 2024 жылы мемлекеттік сатып алу порталында 20,5 млрд теңгеге азық-түлік сатып алынған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 31,1 млрд теңгеге жеткен. Алайда сатып алудың едәуір бөлігі делдалдар арқылы жүзеге асатынын айтып, отандық өндірушілердің мемлекеттік тапсырыс берушілерге тікелей өнім жеткізу мүмкіндігін кеңейтуді ұсынды.

Осыған байланысты ол ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдейтін отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға тікелей қатысуы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және олармен ұзақ мерзімді, соның ішінде үш жылдық келісімшарт жасау мүмкіндігі бар-жоғын сұрады.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мемлекеттік сатып алу туралы заң аясында отандық тауар өндірушілерді қолдаудың бірнеше тетігі бар екенін айтты.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта 5 400 тауар позициясы ұлттық режимнен шығарылған. Яғни осы тауарларды сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Бұл тізімге ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу арқылы шығарылатын тауарларды да енгізу жоспарланып отыр.

Екінші тетік – офтейк-келісімшарттар. Оларды біз де қарастырып жатырмыз. Егер отандық тауар өндіруші тізілімге енгізілген болса, онымен шарт жасасудың арнайы тәртібі қарастырылған, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол Қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген кәсіпорындармен делдалсыз, тікелей сатып алу мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Үш жылға дейінгі келісімшарт жасау мәселесіне қатысты Дәурен Кеңбейіл Бюджет кодексі мен мемлекеттік сатып алу туралы заңда тиісті мүмкіндік қарастырылғанын айтты. Егер қаржыландыру көзі екінші және үшінші жылдарға да көзделсе, келісімшартты үш жылға дейін жасауға болады.

Тағы оқи отырыңыз: Азық-түлік өндірушілеріне жеңілдік көбейеді: Кәсіпкерлерге қандай қолдау бар?