Мектептегі жаппай улану. Маңғыстауда тергеу тобы құрылды

Маңғыстау облысындағы астан улану оқиғасына байланысты тергеу тобы құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен құрылған тергеу тобының құрамына экономикалық тергеп тексеру департаменті және полиция департаменті өкілдері кірді.

Бүгінде асханадан алынған ас сынамаларының қорытындысы күтілуде. Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ережесіне сәйкес, ертең, 10 қыркүйекте зертханалық сынамалар қорытындысы шығарылады. Жаңа құрылған тергеу тобы зертханалық сараптаманың нәтиже бойынша нақты шаралар қабылдайтын болады, - делінген Маңғыстау облысының әкімдігі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, 6 қыркүйек күні Мұнайлы ауданындағы №8-мектепте болған жағдай бойынша аудандық ПБ-нің СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 304-бабы 1-бөлігімен №244750031000356 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.

Бүгінгі таңда дәрігерлерге қаралған балалар саны 460, оның 377 үй жағдайында бақылауға жіберілді. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына 83 бала жатқызылды. Ал жансақтау бөліміндегі екі бала бүгін жалпы палатаға ауыстырылды. Жалпы жағдай тұрақты. Оқушылардың денсаулығы жақсарып келеді. Ал үйінде бақылауда болған оқушылар бүгін мектепке бара бастады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы