Мектептегі қауіпсіздік. Оқу-ағарту министрлігі тапсырманы толық орындамаған өңірлерді атады
Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында вице-министр Ғани Бейсембаев қай өңірлерде білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәселесі толық шешілмей жатқанын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министр ірі қалалардағы 1 351 орта білім беру ұйымында қауіпсіздік мәселесі қалай шешіліп жатқанына тоқталып, статистикалық деректерді атады. Оның сөзінше, ұйымдардың 83%-ы мамандандырылған күзет қызметтерімен шарт жасасқан.
Ең төмен көрсеткіштер Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында. Ал турникеттер 63%-ға орнатылған. Бұл жұмыс бойынша ең төменгі көрсеткіш Түркістан, Алматы қаласы, БҚО, Жамбыл, Ақтөбе, СҚО, ШҚО, Маңғыстау өңірлері. Сонымен қатар дабыл түймелері 97%-ға қамтамсыз етілген, - деді Бейсембаев.
Оқу-ағарту министргі өкілінің дерегінше, бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылған және олардың ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына (ІІО ЖБО) шығуын қамтамасыз ету 51%-ға орындалған. Бұл жұмыс бойынша БҚО, Ақтөбе, Жамбыл, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарында көрсеткіш төмен.
190 техникалық және кәсіптік білім мекемесінің 66%-ы мамандандырылған күзет қызметтерімен шарт жасасты. Ең төмен көрсеткіштер Түркістан, Қостанай, Атырау, ШҚО, Ақмола және Алматы облыстарында. Мұнда турникеттер 78%-ға орнатылған. Ең төменгі көрсеткіш Павлодар, БҚО, ШҚО, Маңғыстау өңірлері, - деп айтты ол.
Ал дабыл түймесімен 190 техникалық және кәсіптік білім мекемесінің 88%-ы қамтамасыз етілген. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан, Атырау, Алматы облыстары.